Оңтүстік Кореяда А.Құнанбайұлының өлеңдер жинағы жарық көрді
Абайға арналған пошта маркалары мен оның өлеңдер жинағы Оңтүстік Кореяда еліміздің Сеулдегі елшілігінің қолдауымен жарық көрді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
Ұлттық пошта операторы Корея Post қазақстандық маркаларды алғаш рет басып шығарды. Олар Абайдың 175 жылдығына және Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған. «Алтын шаңырақта шырқалған ән» кітабының мыңнан астам данасы шығарылды. Басылымда Абай Құнанбаевтың 106 өлеңі, 2 поэмасы және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және Қазақстан ХХІ ғасыр» мақаласы бар. Кітаптің авторы – кореялық жазушы Ким Бён Хак. Ол Қазақстанға алғаш рет 1992 жылы келді және елімізде ұзақ уақыт тұрды. Ким Бён Хак «Корё Ильбо» газетінің тілшісі және Абай ұлттық педагогикалық университетінде оқытушы болған. 10 жыл бұрын жазушы корей тілінде Абайдың өлеңдер жинағын басып шығарған болатын. Жаңартылған кітапқа «Ескендір» және «Масғұт» поэмалары қосылды.
«Абай өлеңдерінің мағынасы терең. Өлеңдері өміршең, өйткені адамға керек ақылдың кені секілді. «Ескендір» поэмасын алайық. Александр Македонский және ежелгі грек философы Аристотель туралы айтылады, шығарма оқырмандарға жақсы таныс. Әттең, қазақ тілін жете білмегендіктен Абайды түпнұсқада оқи алмаймын. Сондықтан маған аударуға ақындар Станислав Ли мен Қайрат Сәуірбекұлы көмектесті. Қазақстанды жақсы білетін, ондағы жұрттың табиғатын білетін жерлестерім сонша көп емес шығар. Көшпенділер мәдениеті бізге әлі жұмбақ. Сондықтан мен қазақ тілін білсем де, корей тілінде баламасы жоқ сөздер бар. Мысалы, бүркіттің көзін жабу үшін қолданылатын томаға»,-дейді жазушы Ким Бён Хак.