«Дипломмен ауылға» – жетістікке жеткізер жол
2009 жылғы 1 шілдеден бастап, елімізде «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Ол ауылдық жердегі өмір сүру деңгейін көтеруге және ауылдық аумақтарды қажетті еңбек ресурстары – әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарымен қамтамасыз етуге арналған.Осы бағдарламаға сәйкес, ауылға жұмыс істеуге келген мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленіп, сонымен қатар тұрғын үй алуға немесе салуға бюджеттік кредит бөлінеді. Кредит 0.1%-пен, 15 жылға беріледі. Негізгі талап – маман ауылда үш жыл жұмыс істеуі керек.
Бүгінде көптеген жастар жоғары оқу орны мен колледждерді бітірген соң, жұмыс істеу және тұру үшін ауылды таңдауда.
Солардың бірі – Панюшкина Алеся Михайловна. Алеся Панюшкина 2015 жылы Шучин қаласындағы педагогикалық колледжді «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша табысты аяқтады.
Достарынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы естіген соң, Алеся Ақкөл ауданының Экономика және қаржы бөліміне хабарласып, бюджеттік кредит алу үшін әуелі жұмысқа орналасып, қажетті құжаттарды өткізу керек екенін біледі.
Сөйтіп, 2019 жылы Алеся Азат ауылдық орта мектебіне жұмысқа тұрған соң, қажетті құжаттарды жинап, аудандық комиссияға өткізеді. Комиссия бюджеттік кредитті мақұлдау туралы шешім шығарады. Кредит алған соң, жұмысқа енді кіріскен мұғалім Азат ауылынан баспана сатып алады. Азат орта мектебіндегі қысқа мерзімді жұмыс ішінде Алеся Михайловна өзінің қажырлы еңбегінің арқасында оқушылардың сүйіспеншілігі мен әріптестерінің сый-құрметіне бөленіп үлгерді.
– Азат ауылына келгеніме өте қуаныштымын. Ауылдық жерде жұмыс істеу мол тәжірибе жинап, жеңілдікпен үй алудың тамаша мүмкіндігі. Оның үстіне, мұғалімдердің еңбекақысы қалаға қарағанда жоғары. Жас мамандарға нақты қолдау көрсететін осындай мемлекеттік бағдарлама болғаны қандай жақсы, – дейді Алеся Панюшкина.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас маман үшін мансап биігіне көтерілуге жәрдемдесетін сенімді баспалдақ. Білікті маманның жолы дәл осы бағдарламадан бастау алуы тиіс.