Теміртауда ПТР зертхана іске қосылды
Теміртауда тәулігіне 1 500 тест жасайтын ПТР зертхана ашылды. Ол мемлекеттік-жекешелік серіктестік бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Зертхана Теміртау жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратында орналасқан. Ол Ресей, Германия, АҚШ және Қытай өндірісінің барлық қажетті заманауи жабдықтарымен жабдықталған.
Мұнда қаланың стационарлары мен емханаларында алынған тестілер жіберілетін болады. Зертхананы «Олимп» КДЗ мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бірлесіп қаржыландырды. Теміртау әкімдігі мен Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы жобаны қолдап, оған ғимарат ұсынды.
«ПТР зертханасының ашылуы – қазіргі қиын кезде өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтарымыздың барынша көп санын тестілеумен қамтуға тырысамыз. Қыркүйек айында біздің облыста барлық ірі елді мекендерді қамтитын зертханалар желісі құрылатын болады», – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Осы жылдың наурыз айынан бері бұл Қарағанды облысына ашылған төртінші ПТР зертхана. Келесі нысанды қыркүйек айында Балқашта іске қосу жоспарлануда.