Астаналық ұстаз Қазақстанның үлкен картасын жасап, рекордқа ұсынды

Астаналық ұстаз табиғи жүннен көлемі 7×4 метр болатын Қазақстан картасын жасап, оны әлемдік рекорд ретінде тіркеуге ұсынып отыр. С.Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ләззат Әбділдақызы бес ай бойы оқушыларымен бірге әзірлеген туындысында қазақтың дәстүрлі киіз басу өнерін заманауи форматта жаңғыртып, ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытуды көздейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Педагог алып картаны «Өнермен өрілген Қазақстан» атты жеке авторлық жоба аясында жасап, туындыны Ұстаздар күніне орай аяқтады. Ауқымды картада еліміздің тұтастығы, ұлттық мәдениеті, тарихы мен дәстүрлі өнері көркемдік тәсілдер арқылы бейнеленген. Аталған жоба GBR GLOBAL BEST OF RECORDS ұйымына әлемдік рекорд ретінде ұсынылды. Ұйым тарапынан рекордтық өтінімнің ресми қабылданғанын растайтын хат алынған.
«Ата-бабадан келе жатқан киіз басу өнерін насихаттау мақсатында мектепте өз сабағымда балаларға әртүрлі бұйымдар жасауды үйретемін. Соның барысында неге осындай көлемді дүние жасамасқа деген ой туып, оқушылармен бірге Қазақстан картасын қазіргі заманға лайықты инемен піспектеу арқылы 5 айда жасадық. Жүн пайдалану арқылы қолөнер туындысын жасау – ата-бабамыздан қалған дүние. Басқа елдер оны патенттеп алмауы үшін халықаралық деңгейде таныту мақсатында әлемдік рекордқа өзім өтінім бердім. Олар шешімін берді, енді 29 қазанда сол рекордымызды жасаймыз. Сонымен қатар республика бойынша мұғалімдерді қатыстыра отырып, қазақтың ұлттық құндылықтарына арналған 500-ге жуық картина әзірлеп жатырмыз. Оларды да сол күні көрсетеміз. Ұлттық өнеріміздің ішіндегі киіз басу техникасы біздің көшпенді ата-бабамыздан қалған төл мұра екенін әлемге танытып, рекордқа енгізсек, оны басқа ешкім патенттеп ала алмайды», – дейді автор.
Киіз картаны жасауға 10-15 кг жіп кеткен, ал астындағы матасымен қосқанда жалпы салмағы 25-30 келі болған. Автор әлемдік рекордқа енгеннен кейін бұл киіз картаны Ұлттық музейге өткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ киіз басу өнерін одан әрі насихаттау мақсатында киізден жасалған басқа да бұйымдарды апарып, Түркияда өтетін көрмеге қатысуды жоспарлап отыр.



