Үкіметте Президенттің отандық тауарды қолдау жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы қаралуда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауарларды қолдау және ілгерілету мәселелері қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
«Мемлекет басшысы отандық өндірістің өсуі үшін қолайлы жағдай жасау міндетін қойды. Ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін арттыру жергілікті өндірістің дамуына серпін беріп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді әрі ел экономикасын нығайтуға ықпал етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қабылданып жатқан шаралар туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасайды.
Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша бүгінде ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 83%-ды құрайды. Бұл ретте жекелеген тауар санаттары бойынша импортты алмастыру үшін елеулі әлеует сақталып отыр.

