Астанада 20 қыркүйекте жалпықалалық сенбілік өтеді

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акция аясында және Дүниежүзілік тазалық күніне (World Cleanup Day) орай осы сенбі, 20 қыркүйекте елордада жалпықалалық сенбілік өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты
Сенбілік барысында қаланың қоқыстан тазартылуы, саябақтар мен гүлзарлардың, аулалардың, сондай-ақ сауда орындарына, қоғамдық тамақтану нысандарына және басқа да ұйымдарға іргелес аумақтардың ретке келтірілуі жоспарланып отыр.
Ауқымды тазалық жұмысы аясында Астананың алты ауданында ағаш отырғызылады.
Әкімдік қалалық кәсіпорындарды, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес субъектілерін, еріктілер мен белсенді тұрғындарды экоакцияға қатысып, тазалыққа үлес қосуға шақырады.
Еске сала кетейік, экоакцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын қаланың көшелерінде тазалықты сақтау мәселелеріне аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Қала тұрғындары мен ұйымдары көшелер мен аулаларды абаттандыру ісіне үлес қоса алады. Экоакция сағат 10:00-де басталады.