Qazindustry оралдық кәсіпорынға цифрлық станок құнының 40 пайызын өтеді
Мұнай-газ-химия өнеркәсібіне арналған технологиялық жабдықтар шығаратын оралдық BatysIndustry кәсіпорыны сандық бағдарлама арқылы басқарылатын термиялық кесу станогын іске қосты. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында кәсіпорын «QazIndustry» АҚ арқылы аталмыш жабдықты сатып алу құнының 40 % -н өтеу мүмкіндігіне ие болды. Өтелген қаражат соммасын кәсіпорын өндірісін одан әрі дамытуға бағыттады, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Зауыт мұнай – газ өңдеу жабдықтары мен компоненттерін – бекіту арматурасын, жылу алмасу жабдықтарын, ауамен салқындату аппараттарын, сыйымдылықтар мен резервуарларды, метиз өнімдерін өндіреді.
BatysIndustry басшылығы өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы QazIndustry өкілдерімен өткен кездесу барысында білген. Мамандар кәсіпорын өкілдеріне шығындардың бір бөлігін өтеу мүмкіндіктері мен өтінімдерді беру тәртібі туралы толық ақпарат жеткізген.
Кәсіпорын жобалаудан бастап жабдықты жеткізуге дейінгі өндірістің толық циклын жүргізеді. Компанияда халықаралық стандарттарға сәйкес сапа менеджмент жүйесі жұмыс жасайды.
Кәсіпорында 500-ден астам өнім түрі шығарылады, 25 адам жұмыс істейді. Жаңа сандық бағдарламалық басқару жүйесі бар термиялық кесу станогы еңбек өнімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, өңдеу өнеркәсібіндегі (шағын және орта бизнес) кәсіпорындар өндірісті дамыту, технологиялық жабдықты сатып алу және өнімді ілгерілету мақсатында шығындарының бір бөлігін өтей алады. Осы жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша QazIndustry отандық кәсіпорындардың 526,4 млн теңгеге шығындарын өтеген.