Кәсіпорындардың 238,4 млн теңгеге шығындары өтелді
Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындарға 238,4 млн теңгеге шығындары өтелді. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.
Еңбек өнімділігін арттыруға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге қаңтар-сәуір айларында жалпы саны 131 өтінім түскен. Бұл бағыт бойынша кәсіпорындарға 222,4 млн теңге өтелді.
Өтініштердің ең көп саны Қарағанды облысы (28) мен Астана қаласынан (19), ал салалық бөліністе құрылыс материалдары (28) және азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындардан (24) түскен.
Сондай-ақ, кәсіпорындардан өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге 71 өтінім келіп түскен. Оларды қараудың нәтижесінде өтелген қаражаттың жалпы сомасы – 16 млн теңгеден асады. Өңірлік бөліністе өтінімдер бойынша Батыс Қазақстан облысы (12) және салалық тұрғыдан – машина жасау кәсіпорындары (22) белсенділік танытты.
Есепті кезеңде QazIndustry өкілдері кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында 150-ден астам ауызша кеңес беріп, арнайы ашық есік күндерін ұйымдастырған. Сондай-ақ, мамандар өңірлерге бару арқылы 42 кәсіпорынды аралап, шағын және орта бизнес өкілдеріне арнайы семинарлар өткізген.
Естеріңізге сала кетейік, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға (жұмысшылардың біліктілігін арттыруға, технологиялық процестерді жетілдіруге, цифрлық технологияларды енгізуге) және өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге (сертификаттарды тіркеу, өнімнің зертханалық сынақтарын жүргізу, сәйкестендіру құралдарын қолдану үшін жабдықты сатып алу шығындары) бағытталған шығындарының бір бөлігін өтейді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 12 мамырынан бастап QazIndustry кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтей бастады. Мамандардың айтуынша, жаңа ынталандыру шарасы кәсіпорындарды технологиялық жабдықтар паркін жаңарту және жаңғыртуға мүмкіндік береді.