Social

Астана тұрғындары Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнін атап өтуде

Биыл елімізде әз-Наурыз мейрамы жаңа форматта тойлануда. Сұлулық пен жасампаздықтың, бейбітшілік пен келісімнің символы болған Ұлыстың ұлы күні енді 10 күн қатарынан атап өтіліп қана қоймай, әр күн ерекше терең мазмұнмен толысты.

Осылайша, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып бекітілді.

Бүгін Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен ел ордасында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік акция өтті. Осы күні ұлттық нақышта киініп, қолдарына домбыра ұстап шыққан бір топ жастар қала орталықтарын, Астана Халықаралық әуежайын, ірі сауда орталықтары мен қоғамдық көліктерді аралап, мейрам күнін халықпен бірге тойлады.

Жастар қала тұрғындарынан әз-Наруыз, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар жайында сұхбат алып, Наурызнама онкүндігі жайында пікірлерін білді. Сондай-ақ елорда тұрғындарының арасында жас қауыммен бірге ән салып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салғандар да, ақ батасын беріп, тілек жаудырғандар да көп болды.

Белсенді қатысушыларға ұйымдастырушы – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан тәтілер салынған қоржын мен Наурыз бата жазылған ашық хаттар табысталды.

Халықтың айтуынша, биыл Наурыз мерекесі ерекше сезілуде. Ұлттық құндылықтарымызды жас буынға дәріптейтін осындай айтулы күндерді бүкіл елмен бірге той тойлап, атап өту – жақсы дәстүр.

Атап өтсек, Мемлекет басшысының бастамасымен, биыл елімізде Наурыз тойының жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, ауқымын кеңейтті. Енді Амал мерекесінен бастау алып, 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталатын мерекелік онкүндік бүкіл ел бойынша атап өтіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button