FinanceБасты

Сенаторлар Түркі инвестициялық қорын құру туралы заңды мақұлдады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды мақұлдады және депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Отырыс барысында Палата депутаттары «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл құжаттың нормалары Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына ықпал етуді көздейді.

«Ратификацияланған Келісімнің негізінде арнайы инвестициялық қор құрылып отыр. Ол түркі тілдес мемлекеттерде инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, сондай-ақ, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландырады. Алдағы уақытта осы заң Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бауырлас елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Келісімді ратификациялау Қазақстанға экономиканың басым секторларындағы жобаларды қаржыландыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады.

Сонымен қатар сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Талғат Жүнісов Ақмола облысында жолдардың тозуына байланысты проблемаларды көтерді. Осы орайда ол «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды жалғастыру керектігін айтты.

Евгений Больгерт қалалық қоғамдық көлік, мамандардың сыртқа кетуі және жеке автопарктердің жағдайына қатысты мәселелерге назар аударды. Бұл бағыттағы түйткілдер халыққа қызмет көрсетудің деңгейін төмендетеді. Осыған байланысты депутат жағдайды жақсарту үшін саланы субсидиялау сияқты бірқатар шара ұсынды.

Нұртөре Жүсіп қазақстандықтарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау үшін отандық заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Амангелді Нұғманов аудит бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарын әдіснамалық тұрғыда қамтамасыз етуді жетілдіру қажеттігін айтты. Сенатордың пікірінше, мемлекеттік бюджеттің атқарылу сапасы ғылыми зерттеу институттарын жұмылдыруды да арттыруға тиіс.

Ләззат Рысбекова ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді гранттармен қолдау мәселесіне назар аударды. Сенатор Үкімет шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу кезінде осы бағытты ескеруі қажет екенін тілге тиек етті.

Нұрлан Бекназаров аз қамтылған отбасыларындағы оқушыларды тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп, тиісті заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button