Астанада донорлар күніне орай ағаш отырғызу акциясы өткізілді
Астанада донорлар және ағзаларды трансплантациялау күніне орай ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Іс-шара Ақбұлақ өзенінің бойындағы «Өмір аллеясында» өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, іс-шараның мақсаты – донорлардың батылдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру, қоғамда орган донорлығы мен трансплантацияға қарым-қатынасты қалыптастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ қаланың экологиялық жүйесін жақсартуға үлес қосу.
«Орган донорлығы күні Еуропалық орган донорлығы және трансплантация күніне орайластырылды және бізде алғаш рет өткізіліп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан күнтізбесінде мұндай күн жоқ, бірақ оны ресми түрде қосқымыз келеді. Бұл күнді біз елімізде донорлық пен трансплантацияны дамыту жөніндегі ақпараттық жұмысқа арнай аламыз. Мұндай іс-шараларды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр», – деді «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов.
Іс-шара Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.
Акцияға республикалық Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының қызметкерлері, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, трансплантация алған және күтіп жүрген пациенттер, олардың туыстары және барлық қамқор азаматтар қатысты.