Қазақстандық ғалымдар шетелдік әріптестерімен нановакцина дайындап жатыр
Коронавирус инфекциясы шыққалы дүние жүзінің ірі компаниялары тиімді вакцинаны іздестіруде. Қазір 100-ден астам кандидат вакцина бар. Оны жасау – ұзақ процесс. 20 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология, Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, АҚШ-тың Огайо университеті және Австралияның Vaxine компаниясымен ғылыми ынтымақтастық жөнінде келісімшартты бекітті, деп хабарлайды Хабар24
Қайсар Табынов, ҚАЗҰАУ жанындағы халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі:
– Сол компаниялармен бірігіп консорциум құру. Одан кейін өзіміздің базамызды пайдалануға беріп, клиникалық зерттеулерді жүргізу. Бұл вакцина ең алдымен приоритетті түрде бізге беріледі, екіншіден бұл вакцина қолжетімді бағаға беріледі. Бұл бізге өте пайдалы нәрсе. Және біз сондай құбылыстарға белсенді түрде қатысуымыз тиіс.
Әлемде коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина осы жылдың соңында дайын болады деген болжам бар. Кейбір компаниялар клиникалық зерттеудің үшінші кезеңіне жетті. Қазір Айқымбаев атындағы және Халықаралық вакцинология орталығы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, нановакцинаны дайындап жатыр.
Қайсар Табынов, ҚАЗҰАУ жанындағы халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі:
– Оның негізгі ерекшелігі – вакцина мұрынға тамызып берілетін вакцина. Вакциананы мұрынға тамызғанның өзінде ол әлдеқайда қауіпсіз болады. Инъекциялық әдіске қарағанда. Бұл бірінші ерекшелігі. Екіншіден, біздің вакцинамыз осы вирустың әртүрлі мутацияларына төтеп беруге мүмкіншілігі бар.
Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығының вивариында жануардың бірнеше түрі бар. Олар инфекция атаулыдан құлан-таза. Мұндай жануарларға жасалған зерттеулердің нәтижесі жоғары болады. Қажет болған жағдайда орталық клиникаға дейінгі зерттеулерге атсалысуға дайын.
Ұлан Нарынбек, тілші: – Мына тышқандар ICR линиясына жатады. Бұл орталықтағы ең таза тышқандар. Өздері кішкентай болғанымен, адамзат үшін маңызы өте жоғары. Өйткені клиникалық сынақтарға дейінгі барлық зерттеу осы тышқандарға жасалады.
Ғалымдардың пікірінше, тұрғындардың барлығына 100 пайыз вакцина салудың қажеті жоқ. Екпе бірінші кезекте дәрігерлерге, созылмалы ауры бар және қарт адамдарға жасалуы тиіс.