Social

Жас ақындар арасында поэтикалық дуэль өтті

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында және биыл мерейтойлары аталып өтетін Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды біртуар азаматтардың шығармаларын насихаттай отырып, өскелең ұрпаққа ой салу, олардың бойларында патриоттық сезімді ояту мақсатында поэтикалық дуэль өтті.

Байқау үміткерлердің шығармаларында қоғамды жаңғырту мен дамыту үдерістерін бейнелейтін, сондай-ақ қазақстандықтардың заманауи дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты қаламгерлерді анықтауға бағытталды.

Сайысқа жалпы саны 50-ден астам өтініш келіп түскен. Қатысуға ниет білдірген барлық ақынның өтініштері ескеріліп, ең үздік 10 жас дүлдүл іріктеліп алынды. Осы ретте Астана, Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Шымкент және еліміздің басқа да қалаларынан келген үміткер-ақындар өз өнерлерін қалың көпшіліктің алдында паш етті. Байқаудың жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрады.

Жеңімпаздарды құрамында қоғам қайраткері, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазыұлы, үздік бестселлер «Дайағашшы» кітабының авторы, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы, «Серт» кітабының авторы, ақын Жәнібек Алиман сынды азаматтар бар әділ қазылар алқасы таңдады.

Осы ретте сайыстың шарттарына сәйкес ақындар бірінші кезекте жұптастырылып, дуэлге түсті. Сайыс барысында патриоттық шығармасымен қоса, еркін тақырыпта бір өлеңін оқыды.

 Екінші кезеңге жолдама алған 5 ақын төрешілердің жұптауы бойынша бір-бірімен дуэлге түсіп, өздерінің еркін тақырыпта жазған екі өлеңін оқыды.

 Үшінші кезеңге шыққан 3 ақын сахнаға бірге шығып, өлең оқиды.

Осы орайда ақындық өнер – сөз өнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі, ұлттық әдебиеттегі сезім мен сырға толы тамаша поэтик, дәстүр мен ақын шабытының астаса келіп, өлең құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлемі екенін атап өткен орынды. Ежелден-ақ қазақ халқы да өлең сөздің қасиетіне бас иіп, оны өнер атаулының ең биік шыңына балаған. Халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімі өлең сөзбен астасып жатыр.

Сол себепті өнердің құдіреті мен қасиетін ұлықтау үшін ұйымдастырылған аталған доданың болашақ ұрпаққа берер тәлімі көп болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button