Social

Алмаз Ыдырысов Ақтөбе және Атырау облыстарында автожол құрылысының барысын тексерді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов жұмыс сапарымен Атырау және Ақтөбе облыстарында болып, «Атырау-Астрахань (РФ шекарасы)», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Қандыағаш-Мақат» жолдарындағы құрылыс жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.

Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығымен бірлесіп «Атырау-Астрахань» трассасының құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, Аққыстау кентінің тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халықтың жолға қатысты көкейкесті сұрақтарына жауап беріліп, шешілмеген мәселелер қаралды. Ағымдағы жылы мердігер ұйым аталмыш жолда қалған 130 км-ге жаңа асфальт төсейді.

Ақтөбе облысында Алмаз Ыдырысов «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Қандыағаш-Мақат» жолдарын қайта жаңарту жұмыстарының жүзеге асуын қадағалады. Айта кетсек, «Қандыағаш-Мақат» учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталды, ағымдағы жылы маңызды күре жолды пайдалануға беру жоспарланған. Ұзындығы 96 км «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесі бойынша жыл соңына дейін жол үстінде қозғалысты ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, вице-министр «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының басшылығымен бірге «Мұғалжарнефтестрой» ЖШС, «Тау-Кен» ЖШС зауыттарын, «Көктас» және «Бершүгір» карьерлерін, оған келетін теміржол тұйықтарын аралап көрді. Құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін ҚР ИИДМ вице-министрі жауапты басшыларға инертті материалдарды тасымалдау үшін вагондар паркін арттыруды тапсырды.

«2023 жылғы міндеттерді орындау үшін қыс мезгілінде 4 987 вагон тасымалданды, ал жоспар бойынша бұл көрсеткіш- 31 808 вагон. Вагондардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ҚТЖ-мен бірлесіп күн сайын жобаның қажеттіліктері үшін вагондарды үздіксіз жеткізу мәселелері пысықталуда», – деді вице-министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button