ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сыртқы істер министрлігінің ұжымына жаңа басшы – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді таныстырды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Әлихан Смайылов қазіргі геосаяси ахуал кезінде сыртқы саяси ведомство жұмысының маңызы артқанын атап өтті. Дипломатиялық шешімдер арқылы ҚР СІМ жақын және алыс шет елдермен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға және ұлттық экономиканы дамытуға елеулі үлес қосуда.
«СІМ жұмысының нәтижесі бәрімізге тікелей әсер етеді. Президент ведомство алдына маңызды мақсаттар қойды, ұжымға оларға қол жеткізуде табыс тілеймін», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр жауапты басшылық лауазымдарда мол тәжірибесі бар Мұрат Нұртілеу Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.