PoliticsSocial

ҚР АҚДМ: БАҚ және онлайн-платформа пайдаланушылары үшін «Тыныштық күні» және «Сайлау күні» кезеңіне ұсынымдар

Тыйым салынады:

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.

Саяси партиялар, партиялық тізімдерге кіретін кандидаттар, бір мандатты сайлау округтері бойынша кандидаттар, олардың сенім білдірілген адамдары және сайлауалды штабтардың жұмысы туралы қандай да бір бейнерепортаждар, мақалалар, бейнероликтер орналастыруға тыйым салынады.Бұл саяси партиялар мен кандидаттар туралы ақпараттық, аналитикалық және визуалды үгіт материалдарын тікелей көбейтуге ғана қатысты емес.

Үгіт-насихат баннерлері, саяси партиялар мен кандидаттардың плакаттары мен парақшалары бейнеленген кадрлардың бейнесюжеттер мен мақалаларда болмауы маңызды.

Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.

Дауыс беру күніне бес күн қалғанда сауалнама нәтижелерін және сайлауға қатысты басқа зерттеулерді жариялауға тыйым салынады.

Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге жол берілмейді.
Интернет-ресурстардың бұрын орналастырылған материалдарына пікір жазу функциясын жабу немесе белгілі бір саяси партияға немесе кандидатқа дауыс беруге шақыратын пікірлердің пайда болуына жол бермеу үшін тұрақты модерацияны жүзеге асыру орынды.

Онлайн-платформаларды пайдаланушыларға дауыс беру нәтижелері бар сайлау бюллетеньдерін суретке түсіруге және оларды онлайн-платформалар беттеріне орналастыруға, сондай-ақ бюллетеньдерді әртүрлі жазбалармен, сызып тастаулармен және т. б. бүлдіруге тыйым салынады.

Рұқсат етіледі:
Саяси партиялар кандидаттарының кәсіби қызметіне қатысты материалдарды олардың партияға қатыстылығын көрсетпей жариялауға рұқсат етіледі.

Интернет желісінде бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Дегенмен, қайта шығаруға жол берілмейді және сайлаушылардың қалауы туралы бұрын жүргізілген сауалнамалар туралы қайта жариялауға болмайды.

Сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің және т.б. пікірлері мен сұхбаттары саяси партиялар мен кандидаттар туралы айтылмай, сайлаудың рөлі мен жалпы дауыс берудің маңыздылығы туралы жалпы пікірді ғана қамтуы мүмкін.

Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс бұған дейін ілінген баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарда сақталуы мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button