Social

Өрт қауіпсіздігі, су тасқыны және шомылу маусымы: елордалық ТЖД 2022 жылдың қорытындысын жариялады

Өткен 2022 жылы Астана аумағында 846 төтенше жағдай тіркелді. Құтқарушылар бұл қиындықтармен қалай күресіп, бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарғанын коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

2022 жылы елорда аумағында 846 төтенше жағдай тіркелді, оның ішінде табиғи сипатта – 12, техногендік сипатта – 834. Оның барысында 260 адам зардап шекті.

Елорда ТЖ департаментінің бөлімшелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 5502 рет шықты, нәтижесінде жеке құрам 581 адамды құтқарды, 173 тұрғынды эвакуациялады, 47 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетті.

«2022 жылы 831 өрт тіркеліп, 31 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Материалдық шығын 176 млн теңгені құрады. Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, отты абайсыз қолдану, жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу», – деді Қуанар Базарбаев.

Өрт қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмысы аясында аулаларды аралау ұйымдастырылды, ТЖД мамандары 64 828 адамды қамти отырып, 34 358 тұрғын үйді аралап шықты, әлеуметтік тәуекел тобындағы адамдардың тұрғылықты жері бойынша 2 589 рейд жүргізілді.

«Шомылу маусымы кезінде белсенді жұмыс жүргізілді. Елорда су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Департамент қызметкерлері полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлерімен, қоғамдық қызметкерлермен және еріктілермен бірлесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша жадынамалар мен брошюралар таратты. Сол сияқты неғұрлым қауіпті учаскелерде күн сайын патрульдеу және рейдтік іс-шаралар жүргізді. Сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлері 644 әкімшілік хаттама толтырды», – деді қалалық ТЖД басшысы.

Құтқарушылар 432 белгі, ақпараттық стендтер, қалқымалы белгілер орнатып, үш демалыс аймағындағы су қоймаларының түбін тексерді. 2022 жылғы шомылу маусымы басталғаннан бері елорданың су айдындарында ТЖД қызметкерлері 6 адамды құтқарды.

Бұдан бөлек Департамент қысқы кезеңде су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үлкен профилактикалық және практикалық жұмыс жүргізді. Күн салқындап, су беті мұзға айналғаннан бастап аса қауіпті учаскелерде бірлесіп 348 рейдтік іс-шара жүзеге асырылды, олардың барысында мұздағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша үгіт өнімдерін тарата отырып, халықпен әңгімелер мен нұсқамалар жүргізілді.

Су тасқыны кезеңінде ТЖД құтқару бөлімшелері 52 307 текше метр еріген және жерасты суын сорып алды.

«Бүгінгі таңда елордада өрт қауіпсіздігін 1500-ден астам адам, 13 көшпелі өрт сөндіру бөлімі қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Көктал шағын ауданында және Үркер елді мекенінде екі өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр, жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында №28 көше бойында тағы бір депо салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 193 бірлік техника бар. 2021-2022 жылдары екінші қаржы лизингі аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 48 бірлік техника жеткізілді, келіп түскен барлық техника өрт сөндіру бөлімшелеріне бөлінді», – деді спикер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button