ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитеті бекіткен мақсатты кешенді бағдарлама шеңберіндегі жұмыстар 15 бағыт бойынша жүргізілуде.
Бұл бағдарлама жол жабынын қалпына келтіруге және республикалық маңызы бар жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды ИИДМ-нің баспасөз қызметі.
«Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес жұмыстың 60 пайызға жуығы орындалды. Жөндеу жұмыстарын 2022 жылғы күзде аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, «Қазақавтожол» ЖШС шамамен 226 мың шаршы метр шұңқырды жөндеп, 56 мың шаршы метрден астам жол тегістелген. Сонымен бірге 6 мыңнан астам жол белгілері мен 188 ақпараттық панно орнатылды және ауыстырылды. Сондай-ақ, 124 автопавильон мен демалыс алаңшаларына жөндеу жүргізіліп, 1300 шаршы метрден астам жолға шу жолақтары, 13 мыңнан астам сигнал бағаналары мен 18 мыңнан астам катафоттар орнатылды», – делінген хабарламада.
Мамандардың пайымдауынша, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға қолайлы әсер етеді. Мәселен, шу жолақтары таңдалған жолақтан шығу немесе жолдың қауіпті учаскесіне жақындаған кезде алдын ала ескерту арқылы жүргізуші назарының артуына ықпал етеді. Түнгі уақытта жарық диодты катафоттар мен жол белгілері де көлік қозғалысына жағымды әсер етеді.