Кез келген ғимараттың беріктігі мен орнықтылығы оның іргетасының мығымдығына тікелей байланысты екендігі белгілі.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты – еліміздегі кешенді құрылыстарды дамытудың тиімділігі мен ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін зерделеумен айналысатын мамандандырылған бірегей ғылыми-зерттеу мекемесі, деп хабарлайды ИИДМ-нің баспасөз қызметі.
ҚазҚСҒЗИ тарапынан енгізілген және бүгінде қолданыстағы заманауи кешенді шешімдер, соның ішінде геотехникалық қызметтер, жер қыртыстарын лабороториялық тәсілмен зерттеу және өзге де бірқатар жоғары технологиялар құрылыс пен аумақтық елді мекендерді дамыту бойынша бірқатар мәселелерді оңтайлы шешіп, жүйелі шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Мәселені кешенді түрде шешу сейсмикалық қауіптілігі жоғары, жер қыртыстары ерекше сынды инженерлік-геологиялық айрықша аудандарда құрылыс нысандарын салу кезінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жер қыртыстарын инженерлік-геологиялық тұрғысынан сапалы зерттеу – құрылыс нысанының құлауы, жерге батуы, көшкін және өзге де геотехникалық төтенше жағдайлардың алдын алуға және оны болдырмауға септеседі.
«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты ең біріншіден, ғылыми мекеме. Институт қызметінде айрықша басымдық еліміз үшін экономикалық тұрғыдан тиімді, келешегі зор жаңа жобалар мен бастамаларды енгізуге беріледі», – дейді геотехникалық құрылыс және жер қыртысының механикасы жөніндегі Халықаралық және қазақстандық Қоғамдардың мүшесі, ҚазҚСҒЗИ-дың сектор меңгерушісі, профессор Виталий Хомяков.
ВИДЕО – https://www.instagram.com/tv/CelKXHVlgux/?utm_source=ig_web_copy_link
Еске сала кетейік, ҚазҚСҒЗИ-ға ТМД қатысушы мемлекеттерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйымы мәртебесі берілген.