Еліміздің батысындағы қалаларды дамытудың жаңа тұжырымдамалары Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп әзірленуде.
Ақтау қаласын дамытудың басым мәселелері мыналарды қамтиды:
– жаяу жүргіншілер аймақтары мен велосипед инфрақұрылымын дамыту;
– жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру;
– қала жағалауын абаттандыру;
– инженерлік желілерді абаттандыру және қайта жаңарту жұмыстарын жалғастыру (385 шақырым – жылумен жабдықтау, 335 шақырым – сумен жабдықтау, 197 шақырым – кәріз жүйелері).
«Жылу және су беру желілерінде коммуникациялардың қатты тозуына байланысты 2021 жылдың өзінде 1,5 мыңға жуық апат болды. Бұл мәселені шешу үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің ұсыныстарын ескере отырып, Ақтау қаласының инфрақұрылымын жаңғыртудың жеке бағдарламасын әзірлеп жатырмыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында.
Министрдің айтуынша, Атырау қаласында да инфрақұрылым, тұрғын үйлер, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруда мәселелер бар.
«Атырау қаласын дамыту тұжырымдамасында ықшам құрылысты дамыту, 10 негізгі және 6 шағын көшені жаңарту, басты бағыттардағы 150-ден астам ғимараттың қасбетін жаңғырту, 10 саябақ пен скверді реконструкциялауға назар аударылады», – деп толықтырды министр.
Сонымен қатар, аталған бастамаларды іске асыру бойынша түпкілікті шешім Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, «Берекелі бастама» порталында халықтық дауыс беру қорытындысы бойынша қабылданатынын атап көрсетті.
Бұдан бұрын да хабарланғандай, аталған порталда әр азамат өз қалаларының инфрақұрылымын жақсарту үшін идеяларын ұсынып, өзекті бастамаларға дауыс бере алады.