SocialБасты

Мамин тұмауға қарсы вакциналауды жандандыруды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын айтты.

Барлық өңірде бір ай ішінде аурушаңдық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Вирустың репродуктивті индексі 0,88 құрайды. Инфекциялық төсектер 33%, реанимациялық төсектер 32% толы.

Коронавирустың таралу қарқыны бойынша Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары «жасыл аймақта», Шымкент қаласы, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» орналасқан.

Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстары «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда 7,5 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 6,4 млн адам екінші компонентін алды.

Үкімет басшысы халықты вакциналауды жалғастыруды және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Премьер-Министр күзде көбірек таралатын тұмау және басқа да респираторлық инфекциялар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды қабылдау қажет екенін атап өтті. Тұмауға қарсы вакциналау үшін 2,5 млн доза вакцина дайындалды. Қазіргі уақытта бірінші кезекте балалар, қауіп тобындағы адамдар, медицина қызметкерлері егіледі.

«Халықты тұмауға қарсы вакциналауды жандандырып, медициналық ұйымдардың тұмау жұқтырған науқастарды қабылдауға дайындығын қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button