2021 жылдың 21 қыркүйегі күні сағат 17.00-де С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аумағында профессорлар аллеясына қарағай отырғызу рәсімі болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық даму мәселесі еліміздің даму бағдарламасының күн тәртібінде бірінші орында болатынын айтты.
«Бұл мәселемен бүкіл өркениетті әлем айналысуда. Сол себепті біз одан тыс қалмауымыз керек. Осыған сәйкес, алдағы бес жылда орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызылады деп жоспарлануда. Бұл акция елімізді кең ауқымда көгалдандыруға мүмкіндік береді», – деген еді Президент.
Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аумағында профессорлар аллеясы ашылады. Сол жерге университеттің жетекші оқытушылары мен ардагерлері қарағай отырғызады. 55 профессордың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев, ҚазАТУ Басқарма Төрағасы Қайрат Айтуғанов, Басқарма төрағасының орынбасары-Ректор, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Айтжан Әбдіров және тағы басқа да белгілі ғалымдар бар.
Жас қарағайлардың тарихы 2016 жылдан бастау алады. Сол жылы «Орман шаруашылығы, қоршаған орта және жабайы табиғат» факультетінің деканы болған Дани Сәрсекованың бастамасымен орман плантациясы құрылған болатын. Ол кезде 2,5 мың дана қарағай отырғызылған. Ал міне, 5 жылдан кейін стандартты отырғызу мөлшеріне дейін өскен 918 көшет университет ғимараттарының аумағын көркейтуге дайын.