«Витебскідегі Славян базары» XXX халықаралық өнер фестивалінің ашылуы 2021 жылдың 15 шілдесінде қаланың басты алаңы – жазғы амфитеатрда өтті. Осы мәдени шарада Димаш Құдайберген «Любовь похожая на сон» және «Be With Me» әндерін жанды дауыста орындап көрермендерді қуантты. Бұл туралы dimashnews.com хабарлады.
Мерейтойлық фестивальді Беларусь Президенті Александр Лукашенко ашты.
«Бүгінгі Витебскідегі фестиваль – бұл кәсіби вокалдық шеберліктің беделді халықаралық байқауы… бұл сахна Таисия Повалий, Руслана, Петр Елфимов, Алена Ланская, Димаш Құдайберген және басқа да көптеген танымал әртістердің жарқын мансабына бастау болды», – деп атап өтті президент.
Әлемнің түрлі елдерінің танымал әртістері мен ұжымдары ауқымды халықаралық іс-шараға қатысты. Қонақжай амфитеатр залы 7 мың қонақ қабылдады.
«Қымбаттыларым, сүйікті тыңдармандарым»! Бүгін сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Дәл осы жерде, осыдан тура 6 жыл бұрын, мен ересек шығармашылық өмірге «жолдама» алдым», – деп Димаш көрермендермен амандасты.
Әртіс көрерменге өзінің ата-анасын таныстырып, жанкүйерлерімен бірге анасы Светлана Айтбаеваны туған күнімен құттықтады.