Форвардтық сатып алу тәжірибесі фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие болып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
2020 жылдың қорытындысы бойынша форвардтық сатып алу бағдарламасы ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында жоғары сұранысқа ие болып, ауыл шаруашылығы субъектілеріне кредит беру тапшылығы жағдайында қаржыландырудың қолжетімді құралы болды.
Атап өтілгендей, бағдарлама бойынша 2020 жылы 300-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілері қаржыландырылып, 480 мың тоннадан астам астық сатып алынды.
«Ағымдағы жылдың басынан бастап «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өзінің ішкі нарықты тұрақтандыру бойынша негізгі функцияларын орындау аясында сатып алынған көлемдер есебінен 410 мың тоннадан астам астық сатқан.
Оның 325 мың тоннасы ұн тарту компанияларына сатылды. Осының нәтижесінде 2021 жылы нан бағасының күрт қымбаттауы байқалмайды, ұнға қатысты және астық экспортын жабу немесе шектеу туралы да сұрақтар туындаған жоқ», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында алынған астықтан жемшөп қорын құрды. Аталмыш қордан мал шаруашылығы және құс шаруашылығы кәсіпорындарының қажеттіліктері үшін 4 сыныпты 17 мың тонна бидай және 24 мың тонна арпа сатылды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, нарықтағы бағаның маусымдық өсуіне қарамастан, әкімдіктердің өтінімдері бойынша 20-ға жуық мал шаруашылығы кәсіпорындарына белгіленген бағадағы жалпы көлемі 23 мың тоннадан астам 4 класты арпа мен бидай жеткізілді.
«Атап айтқанда, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Маңғыстау облысындағы жем-шөптің жетіспеушілігі бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты фермерлік шаруашылықтарды қолдау үшін нарықтық бағадан 17%-ға төмен бағадағы жемдік астықты жеткізу туралы жедел шаралар қабылдады. Қабылдауға және оны одан әрі мал шаруашылықтары арасында таратуға ыңғайлы болу үшін арпа алдын-ала 50 кг қапшыққа бөліп салынды.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысының мал шаруашылығы кәсіпорындарына да арпа жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Азық-түлік корпорациясына жүгінген 15 құс фабрикасына 66 мың тоннадан астам астық сатылды. Астық сатып алушылар арасында жұмыртқа бағытындағы 9 құс фабрикасы және ет бағытындағы 6 құс фабрикасы бар», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Мысалы, Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы – «Макинск құс фабрикасы» ЖШС –шикізаттың негізгі жеткізушісі ретінде Азық-түлік корпорациясын таңдады. Кәсіпорынға астық белгіленген бағалар бойынша тұрақты түрде жеткізіліп отырады, бұл маусым бойы түпкілікті өнімнің құнын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Дәстүрлі дақылдардан(бидай, арпа) басқа Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 5,3 мың тонна күнбағыс және 300 тонна қарақұмық сатып алды. Корпорация бұл көлемдерді ішкі нарықты күнбағыс майы мен қарақұмық жармасымен қамтамасыз ету үшін қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізуді жоспарлап отыр.
Жазғы кезеңде қант нарығындағы қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 10 мың тонна көлемде қант қорын қалыптастырды, олар да ішкі нарыққа бағытталатын болады.
Қолда бар қорлар туралы ақпарат облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға және Қазақстанның көтерме-бөлшек сауда желілеріне үнемі жеткізіліп отырады.