ӘлемБасты

Байден: Тарихымыздағы ең ұзақ соғысты аяқтайтын уақыт келді

Президент Джо Байден АҚШ әскерінің Ауғанстаннан осы жылдың 11 қыркүйегіне дейін шығарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BBC. Өткен жылы Ақ үйдің сол кездегі басшысы Дональд Трамп әскерін мамыр айына дейін шығаруға уәде берген еді, бірақ Байден бұл мүмкін емес екенін айтқан.

«Мен тарихымыздағы ең ұзақ соғысты аяқтайтын және америкалық әскерлерді үйге қайтаратын уақыт келді деп есептеймін», – деді Байден халық алдындағы телеүндеуінде.

Ол әскердің шығарылуы 1 мамырда басталып, 11 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтып өтті.

Сонымен бірге, АҚШ президенті елден әскерін шығару кезінде келесі тарап шабуыл жасаса, барлық қолда бар құралдармен жауап беремін деп қорқытты.

«Талибан» білуі керек бір нәрсе: егер олар әскерімізді шығару кезінде бізге шабуыл жасаса, біз өзімізді де, серіктестерімізді қандай жолмен болса да қорғаймыз», – деді Байден.

Америкалық әскерлердің кету күні 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы мен Пентагонға жасалған шабуылдардың 20 жылдығына сәйкес келеді. Осыдан кейін АҚШ және НАТО-ның басқа елдері Ауғанстанға басып кіріп, «Талибан» радикалды исламистік қозғалысының (Ресейде және әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған) биліктен кетуіне қол жеткізді.

20 жылдан кейін Ауғанстандағы соғыс әлі жалғасуда және «Талибан» елдегі өзінің әсерін әлі сақтап келеді.

Қазір Ауғанстанда шамамен 2,5 мың америкалық әскер бар, ал НАТО елдерінің әскери контингентінің жалпы саны 9,6 мың.

Басқа жаңалықтар

Back to top button