AgroБасты

Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 54,8 пайызға ұлғайды

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 54,8 пайызға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті.

«Биылғы қаңтар-наурыз айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,8 пайызға ұлғайып, 591,3 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,1 пайызға, сүт 3,4 пайызға өсті», – деді министр.

Оның айтуынша, бұл ретте, 33,5 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді.

«Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 4 облыста, яғни Ақмола (114,1%), Жамбыл (103,8%), Қарағанды (103,5%) және Павлодар (103,2%) облыстарында байқалды», – деді С. Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,3 пайызға өсіп, 487,2 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, қызылша қантын өндіру көлемінің 28,3 пайызға, сары майдың 26,8 пайызға, жарманың 21 пайызға, өңделген күріштің 19,7 пайызға, өсімдік майының 17,5 пайызға, ірімшік пен сүзбенің 9,3 пайызға, ұнның 9 пайызға, өңделген сүттің 4,7 пайызға артқаны байқалды.

«Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 54,8 пайызға ұлғайып, 112,3 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 86,8 пайызға артып, 24,3 млрд теңгені құрады», – деді министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button