EcoБасты

Қазақстанның солтүстігінде еліктер қырылып жатыр

Солтүстік Қазақстанда еліктер қырылып жатыр. Әлеуметтік желіге тараған өлі жануарлардың видеосына облыс тұрғындары дабыл қақты. Almaty.tv тілшісі жануарлардың өліміне не себеп болғанын баяндап берді.

Instagram желісінде СҚО тұрғындары түсірген видеолар көптеген парақшада тарап, үлкен шу шығарған. Жергілікті тұрғындардың ойынша еліктер аштан қырылып жатыр.

«Ересек жануарлар мұндай жағдайды бұрын да бастан кешкен және олар тірі қалады деп ойлаймын. Себебі олар не жеу керегін біледі. Жас еліктер бұны түсінбейді. Барлығы биыл қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты. Соның салдарынан еліктер азық таба алмай жүр», – деді Сергеевка қаласының тұрғыны Михаил Михайленко.

Телеарна тілшісінің айуынша, жануарлардың жансыз денелері өңірдің басқа да аудандарында табылып жатыр. Саудыраған сүйек пен салбыраған теріден басқа дым жоқ.

«Жолдың шетінен бірнеше өлі еліктің денесін таптық, ал орман ішінде олардың саны бұдан да көп. Орман шаруашылының өкілдері жануарларды жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда біз ештеңе көріп тұрған жоқпыз», – деді облыс тұрғыны Санжар Асқаров.

Орман шаруашылығының қызметкерлері болса, бұл пікірлермен келіспей отыр. Олар жануарлардың жаппай қырылуына азық тапшылығы емес, басқа факторлардың әсер еткенін айтады.

«Бұл биылғы қар көлемінің көп түсуіне байланысты. Тиісінше еліктер жол бойындағы осы ағаш-бұтақтармен қоректенеді. Өлім деректері туралы айтатын болсақ, оған көбіне көлікпен соқтығысу не қаңғыбас иттердің талауы себеп болып отыр», – деді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.

Пікірлер бөлініп кеткендіктен, тілші тәуелсіз сарапшының көмегіне жүгінген.

«Әрине, бізді желідегі видеолар қатты алаңдатты, әсіресе, мұндай видеолар бір емес бірнеше. Бүгін біз орман шаруашылығы инспекциясында өткен отырысқа қатысып, осы сұрақты қойдық. Бірақ нақты жауап ала алмадық. Сондықтан еліктер қырылып жатқан жерлерді бірге аралайық деген ұсыныс айттық. Алайда қардың көп түсуіне байланысты қазір мүмкін емес деп өтінішімізді қабылдамады», – деді облыстық «Добрая планета» қорының директоры Татьяна Мұхамеджанова.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, өңірде шамамын 15 мыңдай елік бар. Олардың қаншауы қырылғаны әзірге белгісіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button