Серіктестіктің балық аулау бригадасына жетекшілік ететін тәжірибелі балықшы Өмірзақ Әзбергеновтің айтуынша, бекіре тұқымдас алып балық 29 наурызда кешкісін ауға түскен. Балықшылар оны бекіре тұқымдас балықтар шабағын өсіру жөніндегі мемлекеттік тапсырыс аясында аулаған. Балық Жайық-Атырау бекіре шабағын өсіру зауытына жеткізілген.
«Бекіре тұқымдас балықтың салмағы – 150 келі, ұзындығы – 2 метр 44 см. Біздің мамандар ультрадыбыстық сканьердің көмегімен бекіренің аналық екені, қара уылдырығы барын анықтады. Қара уылдырығы бар балық зауыттың тоғанында болады. Одан жасанды жолмен қара уылдырық алынады. Содан соң оны Каспий теңізіне – табиғи ортаға қайта жібереміз» -дейді зауыт директоры Ғилман Сәрсемалиев.