Эльжана Серікжанқызы білімде ғана емес, қоғамдық жұмыста да алда жүреді. Өзінің дарындылығының арқасында 2019-2020 оқу жылын Future Leaders Exchange (FLEX) бағдарламасы бойынша АҚШ-та өткізіп келген.
– ТМД елдерінің ішіндегі беделді оқу орындарының бірі саналатын Ұлттық Зерттеу Университетінің «Жоғары экономика мектебі» мені жайдан-жай шақыра салған жоқ. Аталған оқу орнының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық жастар олимпиадасына қатысып, ағылшын пәнінен екінші орынға ие болдым. Бұл жетістікке жетуіме пән мұғалімдерінің қажырлы еңбегі мен АҚШ-та оқығаным әсер еткені анық. Осы жетістігімнің арқасында Мәскеуде білім алуыма мүмкіндік туып тұр, -дейді Эльжана өз сөзінде.
Оқушы қыз бұдан бөлек Мажарстан (Венгрия) үкіметінің Қазақстан азаматтарына арналған «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасына қатысып, 700 – ге жуық үміткерлердің арасынан 9-шы болып іріктеуден өткен. Сынақтың алғашқы кезеңін бағындырған бойжеткен енді келесі кезеңді күтіп отыр. Болашағын бизнес және білім салаларымен байланыстырғысы келетін Эльжана Оралғазиева құжаттарын жоғарыда аталған мемлекеттерден бөлек АҚШ, Гонконг, Түркия елдеріндегі танымал оқу орындарына жолдаған. «Гонконгтағы университеттен де шақырту келген. Алайда нақты бір шешім қабылдағаным жоқ. Әлі біраз уақытым бар. Сондықтан ойланып, ата-анаммен ақылдасып, нақты бір байламға келетін боламын», -дейді оқушымыз.