ӘлемБасты

Қытай парламенті 14-ші бесжылдық жоспарын қабылдады

Бүкілқытай халық өкілдері құрылтайы (елдің жоғары заң шығарушы органы) 13-шақырылымы төртінші сессиясының жабылу салтанатында әлеуметтік-экономикалық дамудың 14-ші бесжылдық жоспарын (2021-2025 жж.) және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарлар қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Салтанатты шараға қатысқан 2 896 адамның ішіннен 2 873 делегат 14-ші бесжылдық жоспарын (2021-2025 жж.) және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарларды қабылдауды мақұлдады. Ұсынылған бесжылдық жоспарға қарсы 11 адам дауыс берді, 12 адам дауыс беруден бас тартты.

Бұл құжатта ҚХР-дың алдағы бес жылға әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары мен мақсатты көрсеткіштері жазылған. Енді Қытай 14-ші бесжылдық жоспар кезінде ЖІӨ-нің жоспарлы өсу көрсеткішін бір жыл бұрын белгілеп отырады. 2021 жылда үкімет ЖІӨ-ні 6%-ға өсіруді көздеп отыр.

2020 жылдың қорытындысына сай ҚХР экономикасы 2,3%-ға өсті. Бұл соңғы 40 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Сонымен қатар Қытай экономикасының көлемі 100 трлн юаннан (15 трлн доллардан астам) асып кеткен.

Қытай билігінің мәлімдеуінше, 14-ші бесжылдықтың соңына қарай ҚХР жоғары табыс деңгейі бар елге айналмақ. 2035 жылға қарай ұлттық экономика көлемі мен жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні екі есеге ұлғайтпақ.

Еске сала кетейік, 4-11 наурыз аралығында Бүкілқытай халық өкілдері құрылтайының 13 шақырылған 4-сессиясы өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button