«Көрсетілген кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 7 млн тоннаға жетіп, қаңтар айы жоспарының 98,3 пайызын құрады. Соның ішінде мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша көрсеткіштер төмендегідей: Теңіз жобасында аталған кезеңде 2,05 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл есепті айдың жоспарына 95,8 пайызды құрайды»,- деді ол.
Министрдің айтуынша, жоспардың орындалмауына қаңтардағы қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, атап айтқанда тұман, жаңбыр, ылғалдылық, мұздақ себебінен электр желілеріндегі жоғары вольтты коммутациялық құрылғыларда «кернеу ұшқындауы» себеп болып отыр. Жоғарыда аталған технологиялық бұзушылықтардың салдарынан «Теңізшевройл» және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» нысандарында апаттық тоқтаулар орын алды. «2-буын» қондырғысы (60 МВт) зауыты және «шикі газды айдау» зауыты екі тәулікке тоқтады.
«Осы технологиялық бұзушылықтарға сәйкес, Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығымен бірге мүдделі тараптарды тарта отырып, тергеу жүргізуде», – деді Нұрлан Ноғаев.
Оның айтуынша, Солтүстік Каспий жобасы – Кашағанда мұнай өндіру көлемі 1,23 млн тонна болып, жоспар 100 пайыз орындалды. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 1,1 млн тоннаны құрап отыр. Жоспар 101 пайызға артық.
«Есепті кезеңде 5,5 млн тонна мұнай экспортталды. Жоспар 100 пайыз орындалды», – деді ол.