«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының төмендеуіне байланысты кәсіпкерлерге ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі коронавирустан қорғану үшін барлық шараларды жасауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде экономикаға, жалпы әлеуметтік ахуалға қиындық әкелген екі жағдай болып отыр. Оның бірі коронавирус пандемиясы болса, екіншісі – соңғы аптадағы негізгі экспорт көздерінің бірі болған мұнай бағасының құлдырауы. Осының бәрі жалпы экономикамызға, оның ішінде шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне үлкен сын болып отыр. Мемлекет басшысы барлық жағдайды бақылауда ұстап отыр. Күнделікті Үкімет тарапына да, жауапты министрліктерге тапсырма беріп жатыр. Біз де атсалысып, күнделікті Үкіметте өтетін барлық пікір алмасуға қатысып жүрміз», – деп атап өтті Басқарма төрағасы арнайы ұйымдастырылған онлайн-брифингіде.
Ұлттық палата аталған оқиғаларға байланысты кәсіпкерлерді колл-орталыққа хабарласуға және сауалнамаға қатысуға шақырған.
«Біз де өзіміздің шұғыл әрекет ететін штабымызды құрдық. Негізгі мақсатымыз – кәсіпкерлермен тікелей байланыста болып және кері байланыс орнату. Оның үш каналы бар. Біріншісі – кәсіпкерлер колл-орталыққа қоңырау шалып, қандай кәсіппен айналысатынын, екі мәселе бойынша қандай қиындыққа тап болғанын айта алады. Немесе пошта арқылы он шақты сұрақтарға жауап жіберуге болады. Ал 2-3 мың жұмысшысы бар үлкен кәсіпорындарға өзіміз тікелей хабарласамыз. Оларға арналған анкетаның сұрақтары көп, өйткені үлкен компаниялардың айналымдары да, несие көлемі де үлкен», – дейді А. Мырзахметов.
Ұлттық палатаға бір күнде мыңнан астам кәсіпкер хабарласқан. Олардың 30 пайызы – орта бизнес өкілдері, 60 пайызға жуығы – шағын бизнес өкілдері, 27 пайызы – микробизнес иелері.
«Олардың 40 пайызы өндіріс саласында жұмыс істесе, 65 пайызы коронавирусқа байланысты көп шығынға ұшырап жатқан сауда, қызмет көрсету саласының өкілдері. Олар коронавирусқа байланысты карантиннің кері әсері туралы, сол бойынша қандай көмек болатынын, қандай шаралар қолданылатынын сұрап отыр. Палатаға хабарласқан кәсіпкерлерге ризашылық білдіреміз. Олар өз қиыншылығын айтып қана қоймай, пайдалы ұсыныстарын да айтып отыр. Жалпы коронавирусқа байланысты барлық шаруашылық қарым-қатынастар бұзылды. Барлық мемлекетте экспорт, импорт тоқтатылды. Осы жағдайда өзіміздің ауыл шаруашылығымызды, тамақ саласын дамытуымыз керек. Көптеген кәсіпкерлер дүрбелеңге салынбауға, керісінше бізден бұрын коронавирусқа тап болған елдердің тәжірибесін мұқият қарауды ұсынды. Барлық ұсыныстар, мәселелер, мәліметтер келесі сейсенбіде Үкімет отырысында жарияланады», – деді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, Қазақстанда 1,2 млн-ға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
«Барлық кәсіпкерге хабарласу қиынға соғады. Сондықтан, палатаның бірыңғай 1432 нөміріне еліміздің кез келген нүктесінен хабарласуға болады. Әзірге 5 оператор жұмыс істеп жатыр, қажет болса, олардың санын көбейтеміз. Бұл жерде еш салаға басымдық бермейміз. Кез келген отандық кәсіпкер палатға хабарласып, қандай мәселелерге тап болғанын айта алады», – деді А. Мырзахметов.