Қазақстанда жаңа технологиялық салалар қалыптастырылуда

Өңірдегі ең ірі есептеу қуаттары хабын қалыптастыру мақсатында Екібастұзда қуаты кемінде 1 ГВт болатын «Деректер орталықтары алқабы» құрылуда. Бүгінгі таңда жер учаскесі бөлініп, оператор анықталды. ГРЭС-1-ден электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылым құрылып, алғашқы нысандардың құрылысы басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
«2027 жылы жалпы қуаты 186 МВт болатын деректер орталықтарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал 2028 жылдың екінші тоқсанында тағы 109 МВт қуат іске қосылады. Firebird AI компаниясымен $10 млрд көлемінде келісімдер топтамасына қол қойылды. Жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр», — деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар вице-премьер робототехника және Physical AI бағыттарын дамыту аясында Астана мен Алматыда екі зауыт салынып жатқанын, олардың құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу жүйелері мен төмен биіктікте ұшу технологиялары дамытылуда.
«Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз такси жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда, Алматыда дрондар арқылы тауар жеткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 2027 жылы коммерциялық сапарларды іске қосу және дрондар арқылы жеткізу ауқымын кеңейту, ал 2028 жылы аэротакси арқылы коммерциялық ұшуларды бастау жоспарланып отыр. Әр кезеңде негізгі басымдық – қауіпсіздік пен инфрақұрылымның дайындығы», — деді Жаслан Мәдиев.
Спутниктік жүйелер саласында байланысты екі KazSat аппараты қамтамасыз етеді. Олардан түсетін кіріс 72 млрд теңгені құрайды. 2029 жылға дейін KazSat-3R аппаратын құру көзделген.
Жерді қашықтан зондтау жүйесінде үш спутник жұмыс істейді. Соңғы бес жылда ғарыштық мониторингтен 977 млрд теңге экономикалық әсер алынды. Алты жаңа аппарат құру және $70 млн көлемінде экспортты қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай халықаралық топтастыру құрамындағы спутниктер санын 14-ке жеткізу көзделген.


