Астанада Абай облысының шығармашылық әлеуетін танытатын көрме-жәрмеңке өтеді

Абай облысының креативті әлеуеті 1–2 тамыз күндері Астана қаласында өтетін «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» көрме-жәрмеңкесінде таныстырылады. «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылатын шарада өңірдің қолөнері, бейнелеу өнері, музей қорлары, өңірлік брендтері, ІТ жобалары мен жасанды интеллект бағытындағы әзірлемелері бір алаңға жинақталады.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтетін көрме-жәрмеңкенің салтанатты ашылуы 1 тамыз күні сағат 10:00-де.

Көрме-жәрмеңкеде сатылымға барлығы 842 туынды шығарылады. Оның ішінде өңір шеберлерінің 772 қолөнер туындысы мен Семей суретшілерінің 70 картинасы бар. Киізден жасалған бұйымдар, текемет, кілем, құрақ көрпе, ұлттық және заманауи үлгідегі киімдер, балалар киімі, бас киімдер, әшекейлер, сөмкелер, ағаш пен теріден жасалған көркем бұйымдар, торсықтар, қамшылар, ұлттық музыкалық аспаптар, мүсіндер, картиналар мен кәдесыйлар көрме қонақтарына ұсынылады.
Көрмедегі ең қымбат туынды – Абай облысының жетекші қылқалам шеберлерінің бірі Виктор Шмидттің «Рақмет және кешір» картинасы. Бағасы 2 560 000 теңгені құрайтын шығарма мәңгілік адамгершілік құндылықтарды арқау етеді. Суретші өз туындысы арқылы алғыс айта білу, кешірім сұрау және кешіре білудің маңызын алға тартып, осы қасиеттердің адам бойындағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлін көркем тілмен бейнелейді.

Көрме аясында Абай музейі, Абай кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі дайындаған экспозициялар қойылады. Сонымен қатар Abai IT Valley алаңында ІТ жобалары мен жасанды интеллект бағытындағы әзірлемелер таныстырылады.
Келушілерге өңірдің гастрономиялық өнімдері де ұсынылады. Олардың қатарында «Адал ас» ұлттық тәттілері, BaiQymyz-2025 халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған Абай облысы Абай ауданы Саржал ауылының шаруа қожалығы әкелетін 500 литр қымыз және Qazice компаниясы өндіретін саумалдан дайындалған балмұздақ бар.



