Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңдарды қабылдады
Құжаттар Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен қаралды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы кірістер биылғы болжаммен салыстырғанда 4,7 триллион теңгеге артып, 19,2 триллион теңгені құрайтынын мәлімдеді. Ол 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін өседі деп жоспарланған. Республикалық бюджет шығындары 2026 жылы 27,7 триллион теңгені, 2027 жылы 28,8 трлн теңгені, 2028 жылы 29,8 трлн теңгені құрайды.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев бюджеттің әлеуметтік салаға бағдарланғанын атап өтті. 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге, оның ішінде әлеуметтік төлемдерге – 6,8 трлн теңге, адами капиталға салынатын инвестицияларға 3,9 трлн теңге бөлінеді. Сонымен қатар экономиканы ынталандыруға 1,2 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр, бұл салалық өсудің жаңа драйверлерін ашуға мүмкіндік береді.
– Өңірлерді дамытуға басымдық беруді жалғастыра береміз. Осы мақсатта 2026-2028 жылдарға 581 миллиард теңге, соның ішінде 2026 жылға 300 миллиард теңге бөлінді. Бұл жобалар аса маңызды және республикалық маңызы бар жобалар болып белгіленді. Әкімдіктердің дербестігін арттыру үшін 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 трлн теңге бөлінеді, – деді Қаржы министрі.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны тұрақтандыру шаралары туралы баяндады. Ол 2025 жылдың тоғыз айында елдің жалпы ішкі өнімі 6,3 пайыз өскенін, ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен инфляция 12,9 пайыз артқанын хабарлады. Осыған байланысты Ұлттық банк макроэкономикалық теңгерімді қалпына келтіру және инфляцияны бақылаудан шығармау мақсатымен 10 қазанда базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтерген.
Жұмыс тобының жетекшісі Ұласбек Сәдібеков заң жобасын қарау нәтижесінде депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету енгізгенін айтты.
– Депутаттар 2026 жылы өңірлерді дамытуға Үкімет резерві есебінен қосымша 30 миллиард теңге бөлуді ұсынды. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасына, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, жағалауды нығайтуға және басқа да басым бағыттарға арналады, – деді депутат.
Сондай-ақ ол ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу бойынша түзетулер енгізілгенін айтты. Бұл қаражат алғашында Қаржы министрлігінің жаңа бастамаларға жұмсайтын шығыстарының бір бөлігі ретінде қарастырылды. Олар енді бюджет бағдарламалары операторлары арасында бөлініп, отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, аграрлық секторды технологиялық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталатын болады.
Республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы құжатты түсіндіре отырып, Серік Жұманғарин 2026 жылға субвенциялар 5,1 триллион теңге, ал алып қою 879,9 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Жалпы трансферттердің көлемдерін айқындау кезінде қазіргі нысаналы трансферттерден басқа агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, үнемді суару технологияларын енгізуге, жаңадан іске қосылатын нысандарды күтіп ұстауға арналған және басқа да шығыстар ескерілген.
Жұмыс тобының жетекшісі Еркін Әбіл мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар есебінен өңірлерге субвенциялар көлемін 16,5 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынғанын атап өтті. Бұл субсидиялар елдімекендердің әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін қолданыстағы және жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтауға, сондай-ақ ауылдардағы кәсіпкерлік субъектілерінің агроқұзыреттерін арттыруға, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмсалады деп жоспарланған.
Жалпы, министрліктің бағалауы бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді. Сондай-ақ 2028 жылға қарай Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады.
Талқылау барысында мәжілісмендер Үкімет мүшелерінен алдағы үш жылда экономика өсімінің баяулау себептерін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту деңгейін сақтау жоспарлары жөнінде сұрады. Сондай-ақ өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты жою, олардың қаржылық тәуелсіздігінің баяу өсуі және жалпы кірістің арту жағдайында донор өңірлер санының шектеулілігі сияқты мәселелер көтерілді.
Депутаттар мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындарының көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Олар Бюджет кодексінің талаптарына қарамастан, шығыстарды талдау неліктен нашар жүргізіліп, бюджет әлі де ескірген қағидаттар бойынша жасақталып жатқанын сұрады. Сондай-ақ нысаналы индикаторлардың формалды сипаты, мемлекеттік органдар ішіндегі жоспарлаудың тиімсіздігі және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.
Мәжілістегі партия фракциялары жетекшілері заң жобалары бойынша өз пікірлерін білдірді. «АМАNАТ», «Ауыл», Respublica, «Қазақстан Халық партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» фракциялары қолдап, «Ақ жол» фракциясы құжаттарға қарсылық білдірген жоқ.
Талқылау қорытындысында депутаттар екі заңды да қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов талқылау барысында ескертулер аз айтылмағанына, көптеген конструктивті ұсыныс берілгеніне назар аударды. Үкімет осы ескертпелер мен ұсыныстың барлығын міндетті түрде ескеруге тиіс екенін баса айтты.
– Өйткені еліміз алдағы жылдары осы құжатқа, яғни Республикалық бюджетке сүйеніп тіршілік етеді. Бұл бюджет мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі мен фискальды саясат саласындағы реформалар негізінде қалыптасқанын атап өткен жөн. Бюджет жобасы ұзақ жылдан бері алғаш рет Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферттерсіз әзірленіп отыр. Мұндай нәтиже Мемлекет басшысының қаржы-бюджет жүйесін жетілдіру жөнінде берген тапсырмасын кезең-кезеңімен іске асырудың арқасында мүмкін болып отыр, – деді Палата спикері.
Ол сондай-ақ жаңа жағдайдағы бюджет саясатының ескере отырып, Үкімет бюджетті одан әрі түзету кезінде маңызды жобаларды іске асыруда өңірлерге қолдау көрсету резервтерін іздеуі маңызды екенін атап өтті. Депутаттық корпус бұл жұмыстың барысын жіті қадағалап, бақылауда ұстайды.
– Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз Мемлекет басшысының «Қуатты өңір – қуатты ел» қағидасын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталуға тиіс екенін түсінуіміз керек, – деп түйіндеді сөзін Ерлан Қошанов.