Social

Бағалы металдардың кен орнын заңсыз игерген ұйымдастырушылар ұсталды

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлан ауданы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастыруда

Тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы директорының орынбасарларының бірі басқа адамдармен бірге әрекет ете отырып, кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырғаны анықталды. Осы мақсатта олар өз бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС-ін тіркеп, пайдаланған, деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарланғандай, алтын өндіру жұмыстары екі жыл бойы тиісті лицензиясыз, ауыр арнайы техниканы қолданып, өзеннің табиғи арнасына араласу арқылы жүргізілген.

«Атқарылған заңсыз әрекеттердің нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залал 300 млн теңгеден асты.

Тінту барысында жалпы құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді. Бұл қаражатқа сот санкциясымен бұғаттау қойылды.

Соттың санкциясымен күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Тергеу амалдары жалғасуда», – делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button