Agro

Абай облысының ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер министрмен кездесті

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Семей қаласында жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, өңірдегі шаруашылық жетекшілері, кәсіпорын басшылары қатысты, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Абай облысы – ауыл шаруашылығын дамытуда зор әлеуетке ие өңір. Өңірде 11 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 221 млрд теңгеге жетіп, республика бойынша төртінші орынды иеленді. Нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады. Жалпы жиналатын егіс көлемі 782,1 мың гектар болса, оның 80 пайызы орылып, 265,2 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар 96,6 мың тонна картоп пен 101,6 мың тонна көкөніс жиналды.

Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Президент биылғы Жолдауында инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда жыл басынан ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 32 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170%- ға жоғары. Осы бағытта 2030 жылға дейін облысымызда әзірленген өңірлік инвестициялық жобаларының картасына сәйкес 197,5 млрд теңге көлемінде 85 ірі агрожоба іске асырылады. Бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар, сіздерді толғандырып жүрген нақты мәселелерді бірге қарастыру, ашық диалог орнату», – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу кәсіпорындарын дамыту және ет комбинаты құрылысының барысы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға келген шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, министрлік өкілдеріне ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Министр агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қатысты нақты шараларға, мемлекеттік бағдарламаларға жан жақты тоқталды.

«Абай облысына арнайы келдім. Бүгін өңірдің шаруашылықтары жетекшілерімен, фермерлермен ашық, шынайы әңгіме болды. Біраз сұрақтарына жауап бердім. Мемлекеттік бағдарламалар, көрсетілетін жеңілдіктер туралы айттым. Шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау болады. Абай облысы – жаңадан құрылған өңір. Ауыл шаруашылық әлеуеті зор аймақ. Облыста ірі ет комбинаты салынайын деп жатыр. Ол үшін мал шаруашылығын жоғары деңгейде дамытуымыз керек. Кәсіпорынның құрылысын барып көремін. Министрлік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі», – деді Айдарбек Сапаров.

Басқа жаңалықтар

Back to top button