Астықты шикізат ретінде экспорттауды азайту керек және оны тереңірек өңдеуге көшу қажет — Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің 2025 жылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларды қарау барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров АӨК саласына инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Ол инвестициялардың тұрақты ағыны үшін импорталмастыру мен экспортты кеңейтуге баса назар аудара отырып, «2025-2027 жылдарға арналған АӨК-тегі инвестицияларға тапсырыс» жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жобаны өңірлерде жүзеге асыру олардың әлеуеті мен маманданған саласын ескере отырып жоспарланған.
Инвестицияларға тапсырыстың жалпы көлемі ұзақ мерзімді жеңілдікпен қаржыландыруға жататын жалпы сомасы 1,2 трлн теңге болатын 202 жобаны қамтиды.
Жобаларды іске асыру жыл сайын 2,5 млн тоннадан астам бидай өңдеуге, сондай-ақ 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Астықты шикізат ретінде экспорттауды азайту керек және оны тереңірек өңдеуге көшу қажет. Бүгінгі таңда осы бағытта бірқатар жобалар бар. Бұл жұмысты ұлғайту керек», — деді Олжас Бектенов.