Social

Абай облысында суға шомылу маусымына дайындық мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру, 2025 жылғы шомылу маусымына дайындық барысы, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және бюджет қаражатын игеру мәселелері қаралды

Кеңеске облыстық басқарма басшылары, тиісті департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында шомылу маусымына дайындық барысы туралы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Туленов, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев пен Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңір бойынша 192 су айдыны есепке алынған. Оның 12-сінде арнайы жабдықталған жағажай бар. Облыста 118 аумақ суға шомылуға тыйым салынған жер ретінде белгіленіп, ескерту тақтайшалары орнатылған. Жағажайларда 23 құтқарушы жұмыс істейді. Қауіпсіздік мақсатында 26 жедел-құтқару бекеті мен 25 жүзу құралы дайындалған. Бұдан бөлек волонтерлік негізде құрылған 48 жасақ су жағалауларында кезекшілік етеді.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жазғы демалыс кезінде 35 мыңнан астам оқушы 200-ге жуық мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Қала сыртындағы лагерьлердің тек 13-і ғана суға шомылуға ресми рұқсат етілген жағажайлардың маңында орналасқан. Ал Семей қаласында шомылуға рұқсат етілген екі коммуналдық жағажай («Заря» және «Пристань») бар.

«Заря» жағажайы былтыр абаттандырылып, инфрақұрылым толық орнатылған. Жағажайда құтқару мұнарасы, медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер мен балаларға арналған ойын аймағы жұмыс істейді. Биыл жағажай толық жұмыс режиміне көшпек. Сонымен қатар, «Саржайлау» және «Оазис» демалыс базаларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Алакөл туристік аймағында да қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Су бетіндегі қауіпсіздік үшін 1 құтқару посты, 5 мұнара және еріктілерден құралған, кәсіпкерлер есебінен жабдықталған 10 адамдық құтқарушы тобы жұмыс істейді. Бұдан бөлек су көліктеріне мініп-түсетін 7 пирс, қайықтарға арналған 2 айып тұрағы белгіленген.

Облыс әкімі суға шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету әр аудан мен қала әкімдігінің тікелей жауапкершілігі екенін атап өтіп, нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы азаматтардың тыйым салынған жерлерде суға түсуіне жол бермеу үшін тұрақты түрде кезекшілік жасап, облыс аумағында шомылуға шектеу қойылған жерлерге ескерту тақтайшаларын орнату қажеттігін айтты.

«Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек. Жаз басталды. Бұл – шомылу маусымының ең қауіпті кезеңі. Жағажайларда тиісті қауіпсіздік талаптары сақталып, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлер қатаң бақылауға алынуы тиіс», – деді аймақ басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button