Free Fire аккаунты үшін 2 млн теңге: Шымкентте оқушыны алдаған алаяқ ұсталды

Полиция департаментінің киберпол қызметкерлері «Anti-fraud» іс-шарасы аясында интернет-алаяқтық жасаған ер адамды ұстады
Ол «Free Fire» мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатамын деп өзгенің 2 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
«6-сынып оқушысы ұсынысқа қызығып, күдіктінің нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған. Шотында ақшаның жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды» – делінген хабарламада.
Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес береді. Бөгде адамдарға банк деректерін ешқашан хабарламау керектігін әрдайым еске салып жүрген абзал.