Президент: Бізге сапалы инвестиция қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің инвестицияларды тарту бойынша жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Президент тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендегеніне ерекше назар аударды.
«Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз.
Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем.
Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ мұндай шарамен ұзаққа бара алмаймыз.
Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт.
Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті» – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Атап өтсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде. Жиын барысында еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.