Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық акция аясындағы «Жер сағаты» экологиялық науқаны өтеді. Акцияға «Жер елшілері» – мектеп парламенттерінің өкілдері, эко-белсенділер, экология саласындағы сарапшылар және оқушылардың ата-аналары қатысады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты-балалар мен жастардың санасына эко-белсенділік және экологиялық мінез-құлық идеяларын сіңіру, экологиялық мәдениет дағдыларын дамыту.
«Жер сағаты акциясы – Дүниежүзілік жабайы табиғат Қоры өткізетін жыл сайынғы халықаралық іс-шара. Ол барлық адамдарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Шара аясында климаттың өзгеруіне байланысты адамзатты электр энергиясын тиімді пайдалануға шақыру мақсатында әлемдік маңыздағы сәулет ескерткіштері мен ғимараттары өз жарықтарын өшіреді. Сондай-ақ жеке тұлғалар, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары және мемлекеттік мекемелер, коммерциялық ұйымдар электрден бір сағатқа бас тартады», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК директоры Раиса Шер.
Акция шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады:
• Абай облысында «Үздік экологиялық қолөнер» көрмесі;
• Ақтөбе облысында табиғат туралы поэзия кеші;
• Ақмола облысында «Климаттық киномарафон»;
• Алматы облысында Өнер мектебі оқушыларының «Табиғатты қорғайық» атты көлеңкелі театр спектаклі;
• Атырау облысында Абай атындағы орталық асфальтта суреттер көрмесі;
• Батыс Қазақстан облысында «ROBOLAND-2024» – «Қазіргі әлемдегі Экороботтар» инновациялық технологиялар мен робототехника фестивалі;
• Шығыс Қазақстан облысында электр қуатынсыз дайындауға болатын тәттілер мен сусындар ұсынылатын фуд-корт;
• Жамбыл облысында отшашулар мен жарықдиодты шамдардан флеш-моб;
• Жетісу облысында ҚазЭкоПатруль спикерлерінің қатысуымен «Экологиялық сауаттылық» тренингі;
• Қарағанды облысында жас натуралистер арасында «Балалар қолы ғажайыптар жасайды» конкурсы;
• Бидегі Нейрографика: Қостанай облысында жабайы табиғат дыбыстарына арналған би қимылдары;
• Маңғыстау облысында экологиялық тақырыптағы көңілді квест ойындары;
• Павлодар облысында табиғат аясында неон шамдармен көмерілген поэзия кеші өтеді. Мұнда оқушылар проза, поэзия тілінде өздерінің табиғатқа деген сүйіспешілігін жеткізеді;
• Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық тақырыптағы зияткерлік ойын;
• Түркістан облысында алау жанында ән айту кеші;
• Ұлытау облысында «Табиғатпен Селфи» фотогалереясының таныстырылымы;
• Шымкент қаласында оқушылар «Менің жеке ағашым» атты бастамамен көшеттер отырғызады;
• Астана қаласында «Жер сағаты» Бүкіләлемдік акциясына орайластырылған дөңгелек үстел өтеді.
Сонымен қатар еліміз бойынша «Бұл біздің – Қазақстан» марафон флешмобы өтеді.