Қазақстан әйелдер форумы: қоғамдағы өзекті мәселелер мен шешім жолдары талқыланды
Астанада Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған Қазақстан әйелдер форумы өтіп жатыр. Форумға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Форумның ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқавтың құттықтау хатын оқып берді.
Форум барысында TEDx форматында спикерлер мотивациялық бағытта ойларын ортаға салды. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен «Қазақ әйелі – Ел бірлігінің кепілі» тақырыбында, ҚР Президентінің ғылым және инновация мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария «Ғылымды және инновацияларды дамыту туралы» тақырыбында, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, PhD, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова «Қазіргі әйелдердің жеке дамуы мен мұраттары туралы», «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы «Қазіргі қоғамдағы діннің рөлі мен маңызы туралы» тақырыбында маңызды мәселелерді көтерді.
Жиында қала әкімінің орынбасары елордадағы экономикалық қызметтегі белсенді әйелдердің үлесі 51 пайызды құрайтынын айтып өтті.
«Қазіргі уақытта елордада 1,4 млн астам адам тұрады, оның жартысынан көбі, яғни 750 076 мыңы – әйелдер. Елордалық нәзік жандылар Астана қаласы мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Экономикалық қызметтегі белсенді әйелдердің үлесі 51 пайызды құрайды. Оның ішінде 100 мыңнан астам әйел өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ал 75 мыңнан астам әйел медицина мен білім саласында қызмет етіп жүр», – деді қала әкімінің орынбасары.
Есет Байкен өз баяндамасында, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның жұмысына тоқталып өтті.
«Әкімдік адами капиталды дамытуға және әйелдерді әлеуметтік қолдауға, оның ішінде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия арқылы ерекше көңіл бөледі. Мәселен, комиссия өткен жылы 50 іс-шара жүзеге асырды. Сол сияқты «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмыс істейді. 2023 жылы орталық 800 қызмет көрсетті. Елордада әйелдерді кәсіпкерлікке тарту және жұмысқа орналастыру жұмысы жалғасуда», – деді Есет Байкен.
Пленарлық отырыс барысында «Amanat» партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова партияда сәтті іске асып жатқан бірқатар жоба туралы қозғап өтті.
Сонымен қатар отырысқа «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов қатысып, өз баяндамаларында қоғамдағы әйелдер рөліне тоқталды.