Парламент Президенттің БҰҰ миссияларына қатысу үшін бітімгершілік күштерін жіберу туралы ұсынысын қолдады
Парламент Палаталардың бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына қатысуға жіберу туралы ұсынысын қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Мәжілістің Баспасөз қызметі.
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палаталардың бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары Мемлекет басшысының Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларына қатысу үшін жіберу туралы ұсынысын қарады.
Мемлекет басшысының Парламентке үндеуін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді. Ұсынысқа сәйкес резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери бақылаушылар және мамандандырылған бөлімшелер саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін мына бағыттар бойынша жіберу жоспарлануда: «Голан биіктеріндегі БҰҰ-ның бөлуді байқау күштері» (UNDOF, Сирия – Израиль), «БҰҰ бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органы» (UNTSO, Палестина – Израиль), «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы Миссиясы» (UNMISS, Оңтүстік Судан), «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштері» (UNISFA, Судан).
2014 жылдан бастап 67 Қазақстан офицері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Малидегі, Орталық Африка Республикасындағы және Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысты. 2018 жылдан бастап 538 Қазақстан әскери қызметшісі бітімгершілік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстан әскерилері БҰҰ-ның миссияларында: Батыс Сахарада 6 офицер, Орталық Африка Республикасында 2 офицер, Конго Демократиялық Республикасында 2 офицер, Ливанда 9 әскери қызметші қызмет өткеруде.
БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстан Қарулы Күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Қазақстан өзін БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссияларының жауапты қатысушысы ретінде таныта білгенін, аз уақытта халықаралық бітімгершілік процестерде озық позицияларға ие болғанын атап өтті.
– Бүгінгі ел Президентінің ұсынысы мемлекеттің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап жүргізіп келе жатқан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының сөзсіз жалғасы екені анық, – деді А.Құспан.
Талқылау қорытындысы бойынша Парламент депутаттары Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдау туралы шешім қабылдады.