2024 жылдан бастап креативті индустрияларға қатысты кәсіпкерлік қызметтің 40 түрі бөлшек сауда салығы бойынша арнайы салық режимі аясында жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлікте атап өткендей, мұндай өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық экономика және қаржы министрлігі бірлесіп креативті индустрияларды қолдау шараларының жекелеген пакетін әзірлеу шеңберінде Үкіметтің қаулысына енгізілді.
«Өзгерістердің арқасында кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын және қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Оның орнына жеке кәсіпкерлер үшін 2% – дан 4% – ға дейінгі, сондай-ақ ЖШС үшін 8% мөлшерінде бірыңғай салық енгізілетін болады» – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кету керек, креативті индустриялар саласында жұмыспен қамтылғандар саны қазіргі таңда шамамен 133,2 мың адамды құрайды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі осы сала өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады.
Институционалдық инфрақұрылымды, креативті индустрияларды қолдаудың арнайы Қорын құрудың негізгі тәсілдерін, креативті индустриялармен жұмыс істеуде мемлекеттік меншікті пайдалану тетіктерін талқылау қазір ерекше өзекті болып отыр.