Education

QYZPU ғалымдары Алматының ауасын тазартатын тәсіл тапты

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері Алматы қаласының ауасын тазартудың инновациялық әдісін ойлап тапты. Ол үшін бір топ ғалым зиянды заттарды бойына қарқынды сіңіретін өсімдіктерді өсірмек. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қала тұрғындарының денсаулығы мен экологияны жақсартуға бағытталған ғылыми-өндірістік жұмыстар биыл көктемде басталады.

Өсімдіктер Алматы облысындағы Көлді агробиостансасының базасында өсіріледі. Шамамен 5 гектар жерге арнайы сұрыптаудан өткен өсімдіктер егіліп, одан алынған көшеттер әкімдікпен ақылдаса отырып, халық көп шоғырланған аумақтарға отырғызылады.

«Біз қалада жасыл аралдар өсіруді жоспарлап отырмыз. Сонда өсімдіктер ауаны зиянды қалдықтардан табиғи жолмен сүзіп, тазартады. Бұл тәсіл аса тиімді. Қоршаған ортаның жағдайын айтарлықтай жақсартып қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына да пайдалы болмақ», – дейді жоба жетекшісі, ғалым-физиолог Асқар Қалекешов.

Көлді агробиостансасы кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Бұрын мұнда биолог зерттеушілер мен болашақ биология мұғалімдері зоология және ботаника бойынша далалық зерттеу жұмыстарын жүргізетін. Яғни практикалық база бар.

Ауадағы зиянды қалдықтарды қарқынды сіңіретін өсімдіктерді өсіруден бөлек, адам ағзасын тазартатын биологиялық белсенді препараттар да дайындалады. Ол үшін ғалымдар Шығыс Қазақстан облысына арнайы экспедициямен аттанады.

Сондағы емдік өсімдіктерді, атап айтқанда Алтай үшқатын Алматы облысына жерсіндіру арқылы алынған өнімді ағзаны сауықтыруға пайдаланады.

Ауаны тазартумен айналысатын топтың құрамында экологтар, физиолог-генетиктер, докторанттар болады. Ғалымдар 2024 жылы 500-ге жуық көшет алуды жоспарлап отыр. Ал 2025-те Алматыны көгалдандыруға кіріспек. Зерттеу Генетика және физиология ғылыми зерттеу Институтымен бірлесіп жүргізіледі.

Айта кетейік, Алматының ауасын тазарту бойынша ғылыми зерттеу Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің есебінен қаржыландырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button