Finance

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жылдық инфляцияның баяулау қарқыны жоғары. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады. Реттелетін бағалардың көтерілуінен болған қайталама әсерлерден тәуекел күшейді. Олар бұрын теңге бағамының динамикасымен өтелген болатын.

Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады.

Жылдық инфляция биылғы қыркүйекте осы жылға арналған болжамды диапазонның 10-12% төменгі шегіне апаратын траектория бойынша 11,8%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның төмендеуі ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен былтырғы жоғары база әсерінің біртіндеп сарқылуы аясында жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру жағдайында орын алуда. Қыркүйек айындағы көрсеткіш тұрғын үй коммуналды шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) тарифтерінің күтілгеннен қалыптырақ өсуіне байланысты болжамнан төмен болды. Айлық инфляция 0,6% болды. Бұл орташа тарихи мәндерден әлі де айтарлықтай жоғары. Инфляциялық процестердің орнықтылығын сипаттайтын базалық инфляция тұрақтанып келеді.

Инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляциялық күтулер біршама жеделдеді. Бір жылдан кейін күтілетін инфляция қыркүйекте 17% (тамызда – 16,4%) болды. Алайда, сезілетін инфляция қыркүйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді. Жалпы алғанда, күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасы ТКШ нарығындағы реформалардың іске асырылуын және ЖЖМ бағасының өсуін көрсетеді.

Сыртқы инфляция баяулай отырыпжағымды қалыптасып келеді. Бірақ жекелеген проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер артты. Сүт өнімдері, өсімдік майы, ет пен дәнді дақылдар құны түскендіктен, әлемнің азық-түлік нарығында бағалар да төмендей бастады. Дегенмен, инфляциялық процестердің орнықтылығы дамыған елдерде мөлшерлемелердің төмендеу мерзімін жылжыта бастады және орталық банктер тарапынан тежеу саясатының күшеюіне әкеледі. Еуропа Орталық Банкі 2023 жылғы қыркүйектегі соңғы шешімінде жоғары инфляцияны әлде де төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін. ОПЕК+ елдері мұнайды ерікті түрде шектеуді ұзартқан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясында инфляция қарқын алып кете ме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыркүйекте инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары жалғасын тапты.

Экономиканың өсімі Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес қалыптасып отыр.
2023 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстанның ЖІӨ жылдық мәнде 4,9%-ға өсті. Іскерлік белсенділік орнықты ішкі сұраныс, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және мұнай секторын қалпына келтіру салдарынан кеңеюде. Құрылыс, сауда, өнеркәсіп, сондай-ақ ақпарат және байланыс – экономиканың өсуіне басты үлес қосушы салалар.

Проинфляциялық тәуекелдер биыл фискалдық импульстің күшеюіне және инфляциялық күтулердің тұрақтанбауына байланысты. Сонымен қатар, бұрын теңге бағамының динамикасымен теңгерілген ЖЖМ мен ТКШ бағасының көтерілуінен кейін орын алатын  қайталама әсерлердің әлеуетті іске асуы және биылғы бидай өнімі бойынша болжамдардың нашарлауы да маңызды фактор болып табылады.

Геосаяси жағдайдағы белгісіздік – сыртқы секторда бағаның болашақ өсуін қалыптастыратын тәуекелдердің негізгі көзі. Тәуекелдерге Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі мен «Астық мәмілесін» жаңғыртпаудан азық-түліктің әлемдік бағасының ықтимал өсуі жатады.

Инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізді. Дегенмен, сыртқы секторда және экономика ішінде проинфляциялық тәуекелдер болуына байланысты 2023 жылы оны одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын жеңілдету жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда қаралатын болады.

Ақша-кредит талаптарының ұстамды қатаң сипаты 2023 жылдың қорытындысы бойынша болжамды дәліздің төменгі шекарасына 10-12% жақын инфляцияны одан әрі төмендетуге, сондай-ақ оны ортамерзімді келешекте 5%-дық мақсатқа жақын тұрақтандыруға ықпал ететін болады. Ұлттық Банк ықтимал ауытқуларға уақытылы жауап беру үшін жылдық инфляцияның нысанаға келу траекториясын қадағалайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button