Qazaq air әуе компаниясы жекешелендіруге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Үкіметі бекіткен жекешелендіру жоспарына сәйкес, Qazaq air-ді биыл жылдың аяғына дейін жекешелендіру жоспарланған.
«Активті жекешелендіру «Самұрық-Қазына» АҚ-ның активтерді бәсекелестік ортаға беру жөніндегі қағидаларына сәйкес ашық екі кезеңдік конкурс әдісімен жүргізіледі. Өтінімдер 2023 жылғы 28 қыркүйекке дейін қабылданады», – делінген Qazaq air мәліметінде.
Компания сайтында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Қорға тиесілі Qazaq air АҚ-ның 49 пайыздан 100 пайызға дейінгі акциясын сату бойынша тиісті шарттармен сауда өткізетіні хабарланған.
Qazaq air тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі саналады.