PoliticsӘлем

Өзбекстан президенті Қазақстан халқына көңіл айтты

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Абай облысындағы орман өрті салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан халқы мен мемлекет басшысына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Өзбекстан тарапының бастамасымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлескен.

Өзбекстан президенті Абай облысындағы өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты мемлекет басшысына және Қазақстан халқына көңіл айтқан. Шавкат Мирзиеев қаза тапқан азаматтардың отбасының қайғысына ортақ екенін жеткізген.

Сондай-ақ әңгімелесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін тағы да растаған және әлемдегі қазіргі жағдай туралы пікір алмасқан. Айта кетейік, бұған дейін Абай облысындағы ірі өрт кезінде адамдардың қаза болуына байланысты Ресей президенті Владимир Путин, сондай-ақ тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтқан еді.

Еске сала кетсек, бірнеше күннен бері Абай облысында орман өрті өршіп тұр. Өрт салдарынан «Семей орманы» резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты бүгін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.

Бұдан бөлек Бас прокуртура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button