Қазақстанның ЕАЭО құрамына кірген уақыттан бері басқа қатысушы елдермен сауда айналымы 74%-ға өскен, бұл ретте экспорт 98%-ға артқан. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында айтты.
Геосаяси шиеленістер бүкіл әлемдегі экономикалық жағдайға айтарлықтай әсер етіп жатқаны жайлы Президент сөз қозғады.
«Биыл халықаралық қаржы институттары әлемдік экономиканың өсу болжамдарын шамамен екі есеге жуық төмендетті. Алайда, сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, біздің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ынтымақтастығымыз оң серпін көрсетіп отыр. Қатысушы елдер макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауда, экономикалық өсу қарқынын және өзара сауда көлемін арттырып жатыр. Өз тарапымнан ЕАЭО қызметі жылдары Қазақстанның басқа қатысушы елдермен сауда айналымы 74%-ға өскенін, бұл ретте экспорт 98%-ға өскенін атап өтемін. Біз мұны жақсы көрсеткіш деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауқымды бірлескен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, өнеркәсіптік кооперация дамып, қызметтердің ортақ нарығы қалыптасып, өзара есеп айырысуда ұлттық валюталар үлесі артып келеді.
«Бұл ретте қазіргі геоэкономикалық жағдайларда одақтың әлеуетін барынша толық және тиімді ашу – біздің ортақ басымдылығымыз болды. Оны құрған кезде қойылған барлық міндеттерді мүмкіндігінше толық іске асыруымыз керек. Шынын айтқанда, алда көп жұмыс бар. Ең алдымен, төрт еркіндіктің біріншісін – тауарлардың еркін қозғалысын толыққанды жүзеге асыру жөнінде айтып отырмыз. Бұл бірыңғай, еш кедергісіз нарықты қалыптастыру және тауарлардың үшінші елдерге еркін транзитін қамтамасыз етуді білдіреді. Осы мақсаттарға толық қол жеткізу үкіметтер мен Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының негізгі бағыты болуға тиіс деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.